Өмірбаяны





Тобық Жармағамбетов
(1934-1973)

    Тобық Жармағамбетов 1934 жылы Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы  Жарқамыс поселкесінде туған.
   1957 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Сосын өзінің туған жерінде орта мектепте мұғалім болған. Кейін Ақтөбе телевизия студиясының аға редакторы және бас редакторы болып істеген. Ақтөбе облысының “Коммунизм жолы” газеті редакциясында және өмірінің соңғы кездерінде мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында қызмет істеген.. КПСС мүшесі  Тобық Жармағамбетов аз өмірі ішінде повесть, әңгіме жанрында, теледраматургия саласында еңбек етті.    Шығармалары:  “Нәзік бұлттар”, “Екі жүрек”, “Сентябрь түні”, “Қызыл ай”, “Соңғы хат”, “Ақ жауын”. 
         Тоқаң адам талғамайтын, жұрттың бәрін өзімдей деп ойлайтын. Егер біреу білместікпен немесе әдейі біреудің көңілін қалдырса, сол сәтте кінәлі жаққа жас балаша ренжіп қалатын. Ізінше ұмытып кететін. Бұрын Тоқаңды тек сырттай білуші едім. Әсіресе 1964 жылы "Таңғы шық" жинағында жарық көрген "Отамалы" әңгімесі өз кезінде оқырманның ойын оятып, әдеби сыншылар тарапынан жоғары баға алған еді. Тобық есімін әдебиет әлеміне сүйінші сұрағандай хабарлаған-сол кездегі жас сыншыл-ғалым Зейнолла Серіккалиев болатын. Зекеңнің талантты тап басып, сан қырын саралап көрсете білуі көпшілік көңілінен шықты. Сыншының жас жазушы жетістігіне қуана қол соғып, дарынды даралай қанаттандыруы оған жапан далада тұнып жатқан бұлақ көзін ашқандай, жығылып бара жатқанда құр атқа мінгізгендей әсер етті. Үмітті ақтаған Тоқаң арманының айдынында еркін құлаш сермеді.
     Тоқаң прозаны нағыз поэзия деп түсініп, тебірене де толғана, қай тақырыпты алса да, оны жақсы меңгеріп, жеріне жеткізе жазатын. әр туындысы тілі жеңіл, құрылымы шымыр, идеясы айқын, қарапайым сыршылдығымен, нәзік лиризмімен шебер өрілетін. Оқырманға шығармаларының шынайы әсер ететіні сондай, қайталап оқудан жалықпайсын. Әр оқыған сайын түрліше  көркемдік шешім, рухани ләззат табасың. Бұл шыңдалған шеберліктің шын белгісі болып табылатын ерекше қасиеттер еді.






 Сағи Жиенбаев
(1934-1994)





   Қазақ   ақыны,   нәзік   сезімді,  қайырымды  азамат,  поэзия  зергері   және   ақындардың   әлденеше   буынының   ұстазы – Сағи  Жиенбаев  1934 жылы  15 мамырда  Ақтөбе  облысының   Байғанин   ауданындағы  Оймауыт  ауылында   туған.
1955  жылдан  Гоголь  атындағы   Қызылорда  педагогика  институтын  бітіргеннен   кейін  Жезқазған   қаласының   10  орта   мектебінде   қазақ   тілі  мен әдебиетінен   сабақ   берді.
1956  жылдан   әдеби  қызметке   ауысып  «Қазақ   әдебиеті»,  «Қазақстан   пионері»  газеттері  мен   «Жұлдыз», «Мәдениет  және  тұрмыс» журналының   редакцияларында  істеді. Ұзақ   жылдар   бойы  «Жазушы»  баспасының   поэзия  редакциясын   басқарды.  Соңғы   жылдары  «Ақ   Орда»  журналының   бас   редакторы   болды.
С.Жиенбаев   көптеген   жыр   кітаптарының  авторы. Оның   алғашқы  «Қарлығаш» атты  өлеңдер   жинағы, 1959 жылы  жарық   көріп, қалың  оқырманды  ақындық   аса   нәзік   ерекше  тынысымен  баурап  алды.
Өз   тұстастары  Қадыр  Мырзалиев, Тұманбай  Молдағалиев   секілді  Сағи   өмірде де, өлеңде де ерте есейген  ұрпақтың   өкілі.  Сол  ұрпақтағы   поэзия  әлемінде  көрінген  жас   ақындарға   көңіл аударған   ұлы   жазушы   М.Әуезов  ризашылықпен  «Сағи   Жиенбаевтың   бірқатар  өлеңдерін   оқыдым.  Оларда   толып  жатқан   образ, көп   шындық, көпшілікке   ортақ  шындық бар, біртүрлі  еліктіретін,  сүйсіндіретін,   оқушыға   бас   игізетін   соншалық  шындық  пен  бетке  ыстық   демі  сезіліп   кеткендей   көрінетін   шыншылдық  бар...-поэзияға   керек   нәрсе – осы   шыншылдық»- деп бағалаған. Ата жазушының   ақ   батасындай   осы   сөз   Сағидың   ақындығына  халықтың   үміт   сенімін   арттыра  түскендей   болды.
Ақын   қазақ   поэзиясының   екінші   тынысы  ашылған  60-жылдары  жыр додасының  дулы  ортасында болды. Ойып тұрып өз орнын  белгіледі. Сезімтал лириканың  сирек   құбылыстарының  біріне   айналды. Қазақ   поэзиясын  Сағи  лирикасынсыз   елестету    мүмкін   болмай   қалды.
Балалық  шағы    Ұлы   Отан   соғысы  кезіне  сәйкес   келген   Сағи   небәрі  7  жаста   болған. Оның   әкесі  қуғын-сүргіннің  құрбаны   болып,   үш   жасында  әкеден   жетім   қалып   анасының   тәрбиесінде   өскен.
Ақынның   соғыс   жылдарына   арналған   өлеңдері  қазіргі  Одақ   көлеміндегі  поэзиямыздың   үздік   үлгілерінің   сапында.   «Сыртта  боран   ұлып  тұр», «Оң аяқ», «Боран», «Күткен күн», «Медаль», «Әйелдер», «Жеңістің тұңғыш таңы бұл» - сияқты өлеңдері – көзіңе  жас,  ерніңе  күлкі  шақыратын, өзегіңе   от  тастап,   кеудеңді   тұңғиық   мерей   рахатқа   бөлейтін   озық  туындылар.
«Тарту», «Дала  гүлі»,  «Теңіз  сыры», «Таң алдында», «Қайырлы   таң», «Ақ толқын», «Киік», «Есімде   сол бір көктем», «Әлия», «Гүлдәурен», «Оймауытым», «Бозторғай», «Іңкәр  дүние»  және  басқа   өмір   туралы, табиғат туралы, өмірдің  өткелең өрісі туралы ой-толғауларға  толы өлең кітаптары  оқырмандардың   ыстық   ықыласына  бөленді.
Өзінің 40 жылдық  шығармашылық   қызметінде  Сағи   Жиенбаев   айрықша   ақындық   үнімен    танылды.  Дүние   құбылыстарын   барынша   шебер   дәрежесіне   көтерген   ол 30-дан астам өлеңдер мен поэмалар кітабының  авторы.  «Қарлығаш» (1959), «Дала гүлі»  (1959), «Сырлы   теңіз» (1969), «Алтын қалам» (1969), «Оймауытым» (1975), «Құралай   салқыны» (1979), «Ақсақал», (1979), «Бозторғай» (1981), «Жарық жұлдыз» (1983), «Іңкәр дүние»  (1983),  «Нан  мен  тұз» (1986) т.б.
Әсіресе   оның  Кеңес   Одағының Батыры  Әлия  Молдағұлова   мен   Нұркен   Әбдіров   туралы   дастандары,   диқандар   жайындағы  өлеңдері   көпшіліктің  жүрегінен  орын алды.
Тарлан   лирик  Қ.Шаңғытбаев  тап   басып   танығандай   «Сағи  лирикасының   ұтымдылығы – ондағы  шеберлік   пен  шындықтың   шынайы   ұштасуында,   үн  мен ұғымның сұлу үйлесімінде»,- десе, ақын Мұқағали  Мақатаев  «Сағидың  поэзиясы – мен үшін сол жез қоңырау. Бірте-бір артық  сөзі жоқ, бірде- бір тәртіпсіз  буыны  жоқ,  артық өлшем, жетпей жығылу  дегендерді  іздесе  таптырмайтын  Сағи   поэзиясы   сол   жез   қоңырауды  елестетеді.  Сағи  оған сағилық әр, өң, сағилық мінез бермей қолынан шығармайды»-деп бағалайды. Ақын Е. Дүйсенбаев:
«Майсалы самал сайларда
 Майыса есіп майда леп,
 Сайрайды бозторғайлар да:
 «Сағидай жырлау қайда деп?» - деп толғанады.
Сағи   поэзиясы арқылы Қазақстанның   қиыр   түкпіріндегі   ешқайда   құймайтын   кішкентай   Жем   өзені   сонау   Ақ   жайық   пен   Атырауға   ақ   толқын   жамыратып,   Сырмен  сырласып,  Ертіске  еркелеп,  Көкше   көріністерімен   жалғасады. «Қарақалпақ   жерінде», «Қарақұм  оттарына» көз   тігіп,  «Ыстықкөл самалына» құшақ ашып, «Кавказ дәптерінен», «Ақеділге» асады. Туған жерге арналған   өлеңдері  сәбилік   сезім  өмірінің   ақырына   дейін  Сағи  суреткерлігінің жібек   желісі,   алтын   арқауы.
 О, туған жер, барымның
 Сәттілері   сенікі
 Балы  болса жанымның,
 Тәттілері  сенікі
 Жүрегімде  жыр болса,
 Наздылары сенікі.
 Көкейімде күй болса,
 Саздылары   сенікі.

С.Жиенбаев   поэзиясының   тәрбиелік   мәні  зор. Онда  туған  жерді   қастерлеу, отанды  сүю, еңбекке  баулу, адамгершілік, табиғат әсемдігін  сезіне  білу   т.б.  алуан   түрлі  тақырыптарға   жазылған   өлеңдері   ән   болып   төгілген,  жыр  болып шашылған.















Комментариев нет:

Отправить комментарий