Жыр арқауы-сол бір жан

Тобыққа

Бас иетін ізетпен мол дарынға,
Өмірдің жастық атты гүл бағында.
Жүруші едік Тобық-ау, қол ұстасып,
Ақтөбенің Октябрь бульварында.

Сырымызды оңаша жиып, шашып,
Жүруші едік жұп жазбай иықтасып.
Кемерінен асатын көңіл шіркін,
Арманның теңізіне құйып, тасып.

Өте бере Мәңгі от, үй қасынан,
Кейде мұңды, ақырын айтатын ән.
Сонда екеуміз талай сыр шертетінбіз,
Өмір деген өнердің ұйқасынан.

Бауыр едік секілді іні, ағалы,
Бөлді тағдыр. Көзден жас домалады.
Қиын екен жас терек құлағаны,
Қиын екен ел-жұрты жылағаны.

                                          Мұхтар Құрманалин.







Арнау

Айтар ең тірі болсаң жарасып ән,
Бірақ та іштей тынып аласұрам.
Тамшы боп туған жерге ораласың,
Жөңкілген нәзік бұлттар арасынан.

Көп жұлдыз Жарқамыстан көрініп ед,
Ақ жауын себездеп бір төгіліп өт.
Жоқтайды нар қамысың теңселумен,
Жем жақтан еседі жел Тобығым деп.

Тағдырың тосты торын тайталасып,
Жыл жылжып туды қызыл ай таласып.
Көзайым болсаң ұлы той жасар ек,
Құшағын Жарқамысың айқара ашып.

Болмайды жүйріктердің бәрі құмай,
Тарландар таңдай қаққан қалыбың-ай.
Күншілдер көре алмад деп тірлігімде,
Соңғы хат жолдап кеткен алыбым-ай.

Өзіңмен сырласа алман амал нешік, 
Тербетер аяулым деп заман-бесік.
Асыңа қабыл болсын білдіруге,
Келгендей сырлы Ақтөбе қалаң көшіп.

Өлеңмен құлағыңды аша алмайды,
Махамбет, тіл қатса да Асан қайғы.
Дәл бүгін 60-ды атап тұрып,
Өксігін жұртың бір сәт баса алмайды.

Мөлдір ед пейіліңіз бұлағымдай,
Өкініш мына өмірдің сұрағындай.
Енді сен шын Бақытты сезінесің,
Жүректе ғұмыр кешер қыраным-ай.

                                   Нұрлыбек Қалауов












Жаны жайсаң ағаға

Ардақтаған, асқақтаған асылды,
Халық оны ой төріне асырды.
Аялады ана туған алыпты,
Қадірледі тани біліп хас ұлды.

Шыққан жері-Жем, Сағыздың сағасы,
Жүректегі көп еді ғой жарасы.
Алып шықты таланты мен дарынды,
Биікте тұр елдің берген бағасы.

Шығармаң да шыңнан биік баға алған,
Сыршылдық пен табиғаттан нәр алған.
Тобық аға, айта қалса өзіңді,
Дейді олар: "Нәзік жан ғой жарлаған".

Кемел ойдың кеніштерін ақтарып,
Қаламына шабыт пенен бақ дарып.
Шөлкіреген шөлге нұрын сіңіре,
Себелеген жүректерге жатталып.

"Нәзік бұлттар" кетпей қойды есімнен,
"Жанның" да мен жан-дүниесін түсінгем.
Арпалысып Отамалың суықпен,
Бұрынғының өмір жыры есілген.

Бәрі сенің жайсаң мінез жаныңды,
Жоғалтты да, тағдырыңа бағынды.
"Полонез" де туған жерін сағынса,
Туған елің, Аға, сені сағынды.

                                         Рита Төралина







                                         
                                    Кір шалмаған көңілің


Терең ойлап, жаққан отын сенімнің,
Тірегі боп отбасы мен теңінің.
Түлеп ұшқан Байғаниндей өр елден,
Тобық аға, мақтанышы елімнің.

Мінезің жаз, көңілің күн көктемсің,
Отаныңды құрметтеумен өткенсің.
"Нәзік бұлттай" қалықтап ап көгімде,
"Ақ жауын" боп мұң-зарыңды төккенсің.

Шуақ болып еліңе сен төгілдің,
Кір шалмады жүзін таза көңілдің.
Алай-дүлей "Отамалы" кезінді,
Өткергенсің қиын шағын өмірдің.

Прозада алдыңа жан салмаған,
Саған арнап кім асыл ән салмаған?
"Екі жүрек" шерткенде сыр пернесін,
Таңданбаған өзіңе жан қалмаған.

Шығармаңыз шыға біліп талғамнан,
Арыла алмай асқақтаған арманнан.
"Соңғы хатты" жаздың да сен, ағажан,
Кете бардың мынау жарық жалғаннан.

Асуларың көп еді әлі алмаған,
Қыран елдің ел көгінде самғаған.
Келешекке қадам басқан үмітпен,
Жас ақынның саған жыры арналған.

                                            Ақырыс Сейітқазы



































Комментариев нет:

Отправить комментарий